Баршамыздың асыға, тағатсыз күткен көктемнің шырайлы алғашқы мерекесі де келіп жетті. Бұл мейрам қашанда ең ізгі, ең ыстық, ерекше мейірімге, жылы сезімдерге толы айтулы күндердің бірі.

Бұл күн – асыл жанды апа-аналарымыз бен алтын қыздарымыздың, жаны жайсаң жеңгелеріміз бен инабатты келіндеріміздің қуанышы. Елге тұтқа, ұрпаққа пана болған сұлулық пен нәзіктіктің ірге тасын қалаған әйел-аналардың құрметіне күнтізбеден белгіленген даталы күннің барған сайын салмағы артып, қоғамдағы орны маңыздана түскендей. 

Өйткені, бір ғана «әйел» ұғымына дөңгелеген дүниенің бар кереметі сыйғандай. Оған аймен таласқан әсемдік те, көреген көсемдік те, мейірім мен нәзіктік те мағыналы теңеу – мазмұнды балама болмақ. Ал солардың ең қасиетті де қастерлісі – «АНА» сөзі. Одан асқан ұлылық, одан асқан құдірет жоқ.

Біз қашаннан әйел-ананы әлпештеп, қыз-баланы қадірлеген халықпыз. «Ақ бесіктің иесі, туған жердің киесі» деген сөзі де содан қалса керек.

Тарихтың қай парағын ақтарсаң да қаны асыл, жаны текті апаларымыздың өнегелі ісі, айшықты жүзі мен ғибратты сөздерінен ізгілік еседі. Олардың бірі - көңіл-көркі, парасат-парқымен талай аңызға арқау болса, енді бірі – елінің тыныштығын қорғап, берекесін қорғаған қайсарлығын көрсетеді.

Елбасы өз сөзінде: «Жер бетіндегі жақсылық, ізгілік, қайырымдылық атаулының бәрі де әйел-ананың ақ сүті мен ақ ниетінен  тарайды» -деген. Расымен де, еліміздің елдігін тілеп, ерінің тірегі, шаңырағының шырағы болып келесіздер. Қай салада болмасын жігерлі мінездеріңіз бен күш-қайраттарыңызды сарп етіп, үлкен істі бір кісідей атқарып, келесіздер. Соның ішінде әсемі мен келбеті келіскен, сәні мен салтанаты жарасқан Қапшағай қаласының өніп-өсуіне, өрісінің кеңеюіне ат салысып, дамуына үлес қосып жатқан нәзікжандарымыз баршылық.

 Олардың қатарында осы залда, қазір арамызда отырған медицина саласында 40-жылға жуық жұмыс істеп, ыстық алақаны мен үлкен жүрегімен азаматтарды сауықтырып, өмірлеріне араша болып жүрген Айсұлу Набатқызы, талай белестерді бағындырып, қайыспас қайсарлық танытып келе жатқан Ләззат Салықова, бала тәрбиесінде өзіндік қол таңбасын қалдырып келе жатқан Сағира Жанғалиқызы, қала тұрғындарына 30 жылдан астам уақыт бойы жылы үй, қолайлы жағдай жасауға көмек қолын соза білген Лилия Пелюгина, Татьяна Супрун және сол сияқты Төлеуғайша Ақыпбекова, Зинаида Волкова, Виктория Компаниец, Наталья Ивановалар ұзақ жылдар бойы талмай еңбек етіп Қапшағай қаласының өркендеуіне дара жолдарымен ерек болған жандар.

Олай болса, осынау баянды да берекелі еңбектеріңізге, шын жүректі тілектеріңізге біздің азаматтық алғысымызды қабыл алғайсыздар!